Жаңалықтар мұрағаты

Қараушыларға сауал

Сұрақ: Біздің сайтымыздың жаңа ңұсқасына баға беріңіз
Жаман
Онша емес
Орташа
Жақсы
Керемет

Қолданушы нұсқасы


мұрағат

Таратылымға жазылу

   Все новости

Жаңа жобада жаңалық бар

Елдос Сенбай, Айқын, 15.11.2012ж.

Мәжіліс депутаты Қазақстанда Гуантанамо үлгісіндегі түрме салу мәселесін көтерді. Бірақ мұндай ұсыныстарға еліміздің Қауіпсіздік комитеті қарсы шығып отыр. Себебі біріншіден, барлық террористерді бір жерге жинаса, ол орын «лагерьге» айналып кетуі ғажап емес. Ең бастысы, ҰҚК ұстанымынша, терроризм үшін сотталғандардың бәрін жеке түрмеде ұстау - оларды белгіленген мерзімі ішінде қайта тәрбиелеп шығуға мүмкіндік қалдырмайды.

Мәжіліс кеше «Кейбір заңна­малық актілерге терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойын­ша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Осы саладағы ұлттық заңнаманы жаңартатын жаңа жоба үлкен жаңалықтар алып келгелі тұр. Мәселен, мемлекет пен күш құрылымдарының тер­роризмге қатысты түсінігі өз­гер­мек. Енді терроризм Қазақстанда нақ­ты қылмыстық әрекет ретінде ғана емес, сондай-ақ ең алдымен, күрделі әлеуметтік-саяси құ­былыс ретінде қабылданатын болады.


Жобаны қарау барысында қа­лаулылар қарапайым сұрақ қойды: «осы заң қабылданғаннан кейін елде терракті болмайды деп елді сендіре аласыздар ма?» Бірақ жауабы күш-құрылымдары үшін күрделі болып шықты. ҰҚК өкілі кепілдік бере алмайтындарын ашық айтты.


- «Терроризм», «діни экстре­мизм» деген сөздерді біз соңғы екі жылда көп айтып, жиі естіп жүрміз, - деді депутат Розақұл Халмурадов. - Мұндай пәлелер қазақтың тарихында бұрын бол­ған емес. Терроризмнің пайда бо­луына, оның елімізде тара­луына не себеп? Олар зерделеніп, келешекте террористік іс-әре­кеттерді болдырмау мақ­са­тында, қажетті нормалар бұл заңда қа­рас­тырылды ма? Осы заң жобасы қабылданғаннан кейін терро­ризм­нің алдын алуға, оның жо­лын кесуге қол жеткіземіз деп біз халқымызды сендіре аламыз ба?


- Ұсынылып отырған бұл заң біздің елімізде қазіргі кезде қалыптасып отырған жағдайға, үдерістерге байланысты жазылды, - деп сөзді әріден бастады Ұлттық қауіпсіздік төрағасының орын­басары Қабдулкәрім Әбді­қазымов. - Еліміздің ішіндегі мәселелер қоғамның ары қарайғы радикалдануына, соның салда­рындай террорлық актілердің белең алуына ықпал етуде. Біз осы факторларды зерттедік, мұқият қарадық. Ақыр соңында «тек қана күш қолдана отырып, біз бұл зұлымдықты перспек­тивада жеңе алмаймыз» деген байламға келдік.


Сондықтан Қабдулкәрім Ратайұлының айтуынша, «заң жобасының негізгі мақсаты, негізгі тұжырымдамасы», бірінші кезекте, барлық орталық ве­домстволардың және жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимылын үйлестіре отырып, «еліміз тарихында тұңғыш рет терроризмнің алдын алу шара­ларын ұйымдастыруды қарас­тырады» екен. «Яғни, күш-жігер біздің азаматтардың, әсіресе, ең алдымен, жастардың қылмыс жолына тұруының, террористік актілер жасауының алдын алуға бағдарланады, - деді ҰҚК-нің биік лауазымды тұлғасы. - Осы орайда атап өткім келеді: әлемде бірде-бір ел террористік актілерді болдырмайтындығына кепілдік бере алмайды. Бірақ оның көрі­ністерін азайтуға, егер лайықты жұмыс жүргізілер болса, жаңа заң ықпал етеді деп сенімді айтуға болады».


Комитет өкілі «кең ауқымды радикалдануға дейін, яғни, 2011 жылға дейін өздерінің терро­ризмді тоқтата алып келгендерін» айтты. «Алайда соңғы оқиғалар жұмысты енді жаңа ұстаным­дармен ұйымдастыруды талап етуде. Осылайша, ең негізгі күш-жігер алдын алуға жұмыл­ды­ры­лады» деді Қ.Әбдіқазымов.


Жаңа «антитеррорлық» заң жобасының кей баптары депутат­тардың түсінбеушілігін туғызды. Мәселен, ол Қылмыстық атқару кодексінің 12-бабына өзгерістер енгізуді қарастырады. Қолданыс­тағы бұл Кодексте «жазаны ат­қарушы мекемелерде соттал­ған­дарға заңда тыйым салынбаған діни ғұрыптарды орындауға рұқ­сат етілетін» көрінеді. «Ме­кеме әкімшілігі ол үшін тиісті орын ажыратады делінген, - деп еске салды Розақұл Халмурадов. - Ал талқыланып отырған заң жо­басында сотталғандарға діни ғұрыптарды орындауға рұқсат беру қалдырылған, бірақ оны орындауға жай бөлуді алып тастау көзделеді. Сонда бұл норма Ал­лаға құлшылық ету, діни жоралар-рәсімдерді орындауда сотталған адамдардың конституциялық құқықтарына қысым жасау болып табылмай ма? Сотталғандарға «бас бостандығынан айырыл­сын!» деген үкім шығады, бірақ олар Аллаға құлшылық ету құ­қығынан айырылсын деген норма жоқ қой? Неге біз осыны енгіз­дік?» деп аң-таң қалды қалаулы. Бұған жауап ретінде ҰҚК төраға­сының орынбасары өз түзетулерін таяуда күшіне мінген діни қызмет және діни ұйымдар туралы жаңа заңға сәйкес енгізіп отырған­дарын айтты.


Осы жиында тағы бір жаңалық жария болды: Қазақстан терро­ризм­ді уағыздайтын интернет-ресурстарға бүкіл жаһан бойынша жаппай тосқауыл қою жөнінде әлемдік қоғамдастыққа ұсыныс­пен шығып, осы бағытта қимыл­дауды бастапты. Әйтпесе, кейбір Батыс елдері тек өздеріне ғана қауіп төндіретін сайттарды шек­тейді. Нәтижесінде, көрші Ресей, мәселен, кавказ халықтарын террорға шақыратын ресурстар­дың шетелден әрекет ететіндігіне шағымданумен жүр.


- Ғаламтор арқылы терро­ризм идеяларын кең ауқымды на­сихаттау жүруде, - деді Қазақ­стан ҰҚК төрағасының орын­басары Қабдулкәрім Әбдіқа­зы­мов. - Интернетте қолдан жа­салған жарылғыш құрылғыларды құрастырудың, шабуыл жасау тактикаларын жүргізудің, террактілерді ұйымдастырудың нұсқаулықтары орналастыры­луда, жанкешті-террористер дә­ріптелуде. Біз басқа ведомство­лар­мен ынтымақтаса отырып, мұн­дай тораптарға мониторинг жүргізудеміз. Былтырғы жылы және биылғы жылдың басынан бері қарай сот арқылы терро­ризм­ді, зорлық-зомбылықты, экстремизмді насихаттайтын 950-ге дейінгі сайт елімізде жабылды. Бүгінгі таңда соттарда Бас прокуратураның тағы 150-ден астам осындай ұйғарымы қаралуда, - дей келе, комитет басшылығының өкілі елімізде тосқауылданғанымен, тіпті, қазақстандық пайдаланушылар да шетелдік серверлердегі осын­дай ресурстарға айналма жол­дар­мен бұрынғыдай шыға ала­тын­дығын қынжыла жеткізді.


Себебі «бұл сайттардың, сер­верлердің барлығы Қазақстан аумағынан тыс жерлерде, «еуро­палық зонада» орын тепкен». «Сол себепті біз оларға қол жет­кізу мүмкіндіктерін тегіс жауып тастай алмаймыз. Өйткені бүгінде тиісті технологиялар бар, оларды пайдалануға арнайы оқытады: іздеген адам әртүрлі прокси-серверлер, бағдарламалар көме­гі­мен ондай ресурстарға шығады. Сондықтан біз Сенат арқылы осы жұмысты жүргізуде бүкіл әлемдік қоғамдастықпен, өзге елдердегі парламентарийлермен өзара ықпалдасу туралы өз ұсыныстарымызды жолдадық. Сонда ғана терроризммен күресте базаның кеңеюіне жол беріл­мейді» деген Қ.Әбдіқазымов се­на­торлардың бұл істі ендігі қол­дағандарын айтты. «Бұл бағытта, ортақ күш-жігер арқасында біздің мемлекеттің сыртында орын теп­кен әлгі интернет-ресурстардың қызмет етуін шектеу бойынша заңдардың қабылдануына ықпал жасау үшін бірінші кезекте, Сырт­қы істер министрлігі ар­қылы жұмыстар жүргізілуде».


- Соңғы уақытта біз терро­рис­тік қылмыстардың өскенін байқап отырмыз, -деді депутат Мұхтар Тінікеев. - Осы қыл­мыс­тық бап бойынша сотталғандар түрмеде бас бостандығынан айы­рылған басқалармен бірге ұста­лады. Бірақ сотталғандардың мұндай тобын басқалардан оқ­шаулау бойынша әлемдік тәжірибе бар: оған Гуантанамо мысал, - дей келе, ол «біздің елімізде осындай жеке түрмені құру қарастырылып жатыр ма?» деп сұрады.


- Ұлттық қауіпсіздік комитеті мұндай сотталғандардың бас­қа­ларының да радикалдануына ықпал етуі мәселесін бұрыннан қойып келеді және әлемдік тәжірибені зерттеуде, - деді Қабдулкәрім Әбдіқазымов. - Терроршыларды жеке ұстау тәжірибесі бүгінде Египет, Сауд Арабиясы сияқты елдерде де қолданылатындығы бізге белгілі. Жекелеген үлгілері көрші Өзбек­станда бар. Біз мұны зерттедік. Тиісті ұсыныстармен шықтық және олар жүзеге асырылуда, - деген ҰҚК өкілі мұның екінші ұшы барлығын ескертті: «Қа­зақстандық түзеу мекемелерінде қазіргі кезде терроризм мен экстремизмге қатыстылығы үшін бас бостандығынан айырылған 370-тен астам адам ұсталуда. Егер олардың бәрін жеке ұстасақ, олардың көзқарасын өзгертуде, оларды түзетуде, радикалды идеологиялардан бас тартқызуда қиындық туындайды». Сондық­тан бүгінгі таңда мынадай шешім қабылданып, ол қылмыстық түзеу жүйесінде жүзеге асырылуда екен: «Қалған контингентке теріс ықпал ететін және жүргізілетін жұмысқа илікпейтін қылмыс­керлер Арқалықта, Жезқазғанда, Алматының, Оңтүстік Қазақстан облысының бірқатар изолятор­ларында камерада жеке ұсталады, - деді Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары. - Біз әлемдік тәжірибені зерделеуді жалғастырамыз. Тәжірибе жи­нақтауымызға қарай тиісті байламдар жасап, осы проблема бойынша бірлесіп, жұмыс іс­тейміз».


Мәжіліс депутаттары кешегі жалпы отырыстарында өз әріп­тестері М.Әбеновтің депутаттық өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы қаулы қабылдады. Мұрат Әбенов Білім және ғылым министрінің вице-министрі болып тағайындалды, ол Үкіметте «жастар мәселелерімен» айна­лы­сады. Бұл күні қалаулылар Мә­жілісте 8 жыл отырған депутат Дарья Клебанованың да ман­датының күшін уақытынан бұрын жойды: ол ОСК-ге «ор­нынан түсу туралы өтініш» беріпті.


Д.Кле­­банова қайда және кім болып барғандығын тіс жарып, айтпады. Тек «қай бағыттағы жұмысқа орналасса да, Елбасы мен «Нұр Отан» ұстанымына адал бола­тын­дығын» білдірді.

Артқа