Жаңалықтар мұрағаты

Қараушыларға сауал

Сұрақ: Біздің сайтымыздың жаңа ңұсқасына баға беріңіз
Жаман
Онша емес
Орташа
Жақсы
Керемет

Қолданушы нұсқасы


мұрағат

Таратылымға жазылу

   Все новости

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Қарсы барлау қызметі туралы

ЖОБА
 
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ
 
Қарсы барлау қызметі туралы
 
Осы Заң қарсы барлау қызметінің құқықтық негіздерін анықтайды, оны жүзеге асыру заңдылығының кепілдік жүйесін нығайтады.
Қарсы барлау қызметі Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін барлау-бүлдіру іс-әрекетінен қорғауды қамтамасыз етуді міндеттейді.
 
1-бап. Осы Заңда қолданылатын негізгі ұғымдар.
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:
1) абоненттер және/немесе абоненттік құрылғылар арасындағы бірлестіктер туралы мәліметтерді жедел алу – абоненттің және/немесе абоненттік құрылғының арасындағы бірлестіктер және өзге де мәліметтердің датасы, уақыты  туралы жасырын ақпарат алу;
2) ақпаратты жинау, өңдеу, беру және сақтау үшін арналған құрылғылардан ақпаратты жедел алу – ақпаратты жинау, өңдеу, беру және сақтау үшін арналған компьютерлерден, аппараттық-бағдарламалық кешендерден және басқа құрылғылардан ақпаратты техникалық құралдармен және/немесе бағдарламалық қамтамасыз етумен алу;
3) ақпаратты ресми түрде алу – құжаттарды, материалдарды, электрондық ақпараттық қорларды тікелей зерделеу, аталған ақпаратты білетін немесе білуі мүмкін жеке және заңды тұлғаларға сұраухаттар жолдау арқылы қарсы барлау қызметінің тапсырмаларын шешу үшін маңызы бар ақпаратты алу ;
4) байланыс желісіне жедел мониторинг жасау – байланыс желісі бойынша берілетін ақпараттан барлау-бүлдіру іс-әрекетінің белгілерін табу;
5) бақыланатын жеткізілім – барлау-бүлдіру іс-қимылында пайдаланылатын нәрселер мен заттардың сатып алынуын, орын ауыстыруын және сатылуын жасырын қадағалау және бақылау; 
6) бақыланатын сатып алу – барлау-бүлдіру іс-әрекетінде пайдаланылатын нәрселер мен заттарды сатып алу бойынша жалған тегін мәміле жасау;
7) барлау акциясы – Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне зиян келтіре отырып, мәліметтер алу, жинау;
8) барлау-бүлдіру іс-әрекеті – шетел мемлекеттері арнаулы қызметтерінің, өзге де шетелдік ұйымдардың, сондай-ақ жекелеген адамдардың жүзеге асыратын барлау және бүлдіру акциялары;
9) барлау-бүлдіру іс-әрекетінің белгілері – барлау және бүлдіру акцияларын ықтимал жүргізу туралы куәландыратын, іс-қимылдардың, оқиғалардың, процестер мен көріністердің ажырату ерекшеліктері; 
10) барлау-бүлдіру іс-әрекетінің фактілері – барлау-бүлдіру акцияларын жүргізу туралы куәландыратын, іс-қимылдар, оқиғалар, процестер және көріністер;
11) барлау және бүлдіру акцияларын ашу – барлау-бүлдіру іс-әрекетін жүзеге асыру белгілерінің, фактілері мен жағдайларының жиынтығын табу;
12) бүлдіру акциясы – Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне зиян келтіре отырып, қоғамдық қатынастарға ықпал ету;
13) жасырын көмекшілер –  қарсы барлау қызметін жүзеге асырушы органмен құпия негізде (оның ішінде келісімшарт бойынша) ынтымақтастықтағы немесе бұрын  ынтымақтастықта болған, он сегіз жасқа толған, әрекетке қабілетті жеке тұлғалар;
14) жасырын көмекшілер мен құпия қызметкерлер туралы мәліметтер –құпия қызметкерлер мен жасырын көмекшілердің тегін, атын, әкесінің атын, лақап атын (бар болса), туған күні мен жерін, тұрғылықты мекенжайын, жұмыс (оқу) орнын, отбасы мүшелері мен жақын туыстарын анықтауға мүмкіндік беретін, сондай-ақ қарсы барлау іс-шараларына олардың қатысуына жататын ақпарат;
15) жедел бақылау – қоғамдық орындарда болып жатқан жеке тұлғалардың іс-әрекетін, оқиғаларды, процестерді жасырын бақылау, оның ішінде техникалық құралдарды, фототүсірілімді, бейнебақылауды және аудиожазбаны пайдалана отырып жасырын бақылау;
16)жедел енгізу – қарсы барлау іс-қимылын жүзеге асырушы органның қызметкерін, әскери қызметшісін, немесе жедел қызығушылық туғызатын обьектінің маңайына құпия көмекшіні жасырын енгізу;
17) жедел ену – оларды зерделеу, сондай-ақ қарсы барлау іс-шараларын әзірлеу мен жүргізу мақсатында тұрғын, қызметтік, өндірістік және өзге де үй-жайларға, ғимараттарға, имараттарға, қоймаларға, көлік құралдарына немесе жергілікті учаскіге жасырын ену.
18) жедел эксперимент – қылмысқа арандатуға жол бермейтін, арнайы қолдан жасалған, бақыланатын жағдайда іс-әрекеттерді, процестерді жасырын зерделеу арқылы қарсы барлау ақпаратын алу;
19) жекелеген адамдар – шетелдік мемлекеттердің арнаулы қызметтері, өзге де ұйымдар атынан немесе дербес, олардың мүдделері үшін әрекет ететін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған жеке тұлғалар, сондай-ақ заңды тұлғалар;
20) қарсы барлау ақпараты – барлау-бүлдіру әрекетінің белгілері, фактілері және оны жүзеге асыруға ықпал ететін жағдайлар туралы мәліметтер;
21) қарсы барлап сұрау салу – сұрау салған адамның сөздерінен барлау-бүлдіру іс-әрекетінің белгілері мен фактілерін жария немесе жасырын жинау;
22) қарсы барлау қызметі – Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін барлау-бүлдіру іс-әрекетінен қорғау бойынша Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары жүзеге асыратын қарсы барлау (жедел) және ұйымдастырушылық жүйесі;
23) қарсы барлаумен қамтамасыз ету – барлау-бүлдіру іс-әрекетінен оқшаулау шараларының жүйесі;
24) қарсы барлау ісі – қарсы барлау іс-шараларының материалдарын жүйелеу, қарсы барлау ақпаратын тексеру және бағалау, сондай-ақ олардың негізінде шешімдер қабылдау бойынша жеке дара өндіріс;
25) қарсы барлау (жедел) іс-шарасы – барлау және бүлдіру акцияларын алдын алуға, ашуға және жолын кесуге бағытталған жария және жария емес іс-қимылдар;
26) құпия қызметкер – жекебасы мен қарсы барлау қызметін жүзеге асырушы органға тиесілілігі шифрланған қызметкер, әскери қызметші;
27) пошталық және өзге де жөнелтілімдерді жедел бақылау – хаттардан, бандорельдерден, посылкалардан және өзге де жөнелтілімдерден қарсы барлау ақпаратын жасырын алу;
28) тұлғаны немесе орынды жедел аудио- және/немесе бейнебақылау – бейне-, аудиотехниканы не болмаса өзге де техникалық құралдарды пайдаланып, белгілі бір орында болып жатқан  сөйлесулерді және басқа да ақпараттарды және/немесе оқиғаларды жасырын бақылау;
29) ұйымдастырушылық іс-шарасы – қарсы барлау (жедел) іс-шараларын жүргізу үшін қажетті жағдайларды жасау, сондай-ақ олардың нәтижелерін қолдануды қамтамасыз ету бойынша іс-қимылдар;
30) шетелдік ұйымдар – осы шетелдік мемлекеттің заңнамаларына немесе халықаралық құқық нормаларына сәйкес ұйымдарға қандай да бір мәртебе беруіне қарамастан, шетел мемлекеттері аумағында басшылық органдары бар ұйымдар; 
шетелдік мемлекеттің қолдауын пайдаланушы, оның ішінде Қазақстан Республикасы мойындамаған ұйымдар, адамдар тобы;
шетел мемлекеттері заңнамасымен және/немесе халықаралық құқық нормаларымен тыйым салынған іс-әрекеттерді жүзеге асыратын, осы шетелдік мемлекеттің оларға қарсы әрекетуінің  обьективті қабілетсіздігін пайдаланушы ұйымдар, адамдар тобы;
31) электрлі байланыс желілерінен ақпаратты жедел алу – сымдық, радио, оптикалық және басқа да электромагниттік жүйелер бойынша берілетін белгілерді, сигналдарды, дауыстық ақпаратты, жазбаша мәтінді, бейнелерді, бейнекөріністерді, дыбыстарды және басқа да ақпараттарды алу бойынша жасырын іс-қимылдар;
 
2-бап. Қарсы барлау қызметінің құқықтық негізі
1. Қарсы барлау қызметінің құқықтық негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы, осы Заң және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері құрайды.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда жазылғандардан өзге қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарт қағидалары қолданылады.
 
3-бап. Қарсы барлау қызметінің міндеттері
Қарсы барлау қызметінің міндеттері:
1) барлау-бүлдіру іс-әрекетінен:
конституциялық құрылымның негіздерін, мемлекеттік егемендікті, аумақтық тұтастықты, Қазақстан Республикасының экономикалық, ғылыми-техникалық және қорғаныс әлеуетін;
Қазақстан Республикасының Президентін және басқа да күзетілетін тұлғаларды;
Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын құрайтын мәліметтерді қорғау;
2) барлау және бүлдіру, оның ішінде:
терроризмге және экстремизге;
қылмыстық топтарды құру мен қолдануға;
қарулардың, оқ-дәрілердің, жарылғыш заттардың, радиоактивтік заттар мен ядролық материалдардың заңсыз айналымына жататын акциялардың алдын алу, ашу және жолын кесу.
3) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарын, мемлекеттік заңды тұлғаларды, мемлекеттік сектор маңындағы субьектілерді, маңызды мемлекеттік мәні бар стратегиялық және өзге де обьектілерді қарсы барлаумен қамтамасыз ету;
4) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне төнген қауіпті бейтараптандыру және ұлттық мүдделерін алға жылжыту үшін мемлекеттік органдарға көмек көрсету болып табылады.
Қарсы барлау тапсырмаларының тізбесі Қазақстан Республикасының заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен толықтырылуы мүмкін. 
 
4-бап. Қарсы барлау қызметінің қағидаттары
Қарсы барлау қызметінің қағидаттары:
1) Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілерін нақты және біркелкі қолдану, сақтау;
2) адамдар мен азаматтардың құқықтары мен бастандығын сақтау;
3) Қазақстан Республикасын дамытудың стратегиялық мақсаттарына бағыну;
4) белгілері мен фактілерінің бар-жоқтығына қарамастан тұрақты түрде барлау-бүлдіру іс-қимылдарын жүзеге асыру;
5) барлау және бүлдіру акцияларының алдын алу, ашу, жолын кесу бойынша заманауи, белсенді іс-қимылдарды жүзеге асыру;
6) құпия ақпарат көздерін шифрлеу және оған рұқсатты жабу арқылы күштерді, құралдарды, іс-қимылдарды, жоспарларды және ниеттерді бүркемелеу;
7) қылмыстық процесте нәтижелерді пайдалану мүмкіндігінің процессуалдық емес сипатпен үйлесуі болып табылады.
 
5-бап. Қарсы барлау қызметін жүзеге асыру кезінде жеке адамның құқықтары мен бостандықтарын сақтау кепілдігі
1.                Осы Заңда көзделмеген міндеттерді шешу үшін қарсы барлау қызметін жүзеге асыруға, сондай-ақ оны өткізу барысында алынған ақпаратты пайдалануға жол берілмейді.
         2. Қарсы барлау қызметін жүзеге асыру кезінде адамдар мен азаматтардың абыройы мен қадір-қасиетімен төмендететін іс-қимылдарға жол берілмейді.
3.                Қарсы барлау қызметін жүзеге асыруға уәкілетті органның әрекеті жоғары органға не болмаса прокуратураға немесе сотқа шағымдалуы мүмкін.
4.                Прокурордың немесе соттың шағымды қарастыру үшін талап еткен құжаттары шағымдану мәніне жатқызылуы және қарсы барлау қызметін ұйымдастыруға және тактикасына, нақты қарсы барлау іс-шараларына қатысты ақпаратты, сондай-ақ құпия көмекшілер мен жасырын қызметкерлер туралы мәліметтерді ұсынуға жол берілмеуі тиіс.
Адамның берген шағымы егер қарсы барлау қызметін жүзеге асыруға уәкілетті орган осындай тоқтата тұруды негізді деп санамаса, шағымдалған іс-қимылды іске асыру тоқтатылмайды.
         5. Жеке адамның құқықтары мен бостандықтарын бұзуға кінәлі қарсы барлау қызметін жүзеге асыруға уәкілетті органның қызметкерлеріне, әскери қызметшілеріне Қазақстан Республикасының заңында белгіленген жауапкершілік жүктеледі.
         6. Қарсы барлау қызметін жүзеге асырушы органның іс-қимылдарымен келтірілген зиян Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіппен өтеледі.
 
         6-бап. Қазақстан Республикасы Президентінің қарсы барлау қызметі саласындағы өкілеттіктері
         Қазақстан Республикасының Президенті:
1) қарсы барлау қызметінің негізгі бағыттары мен басымдылықтарын айқындайды;  
2) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне қарсы барлау қызметін дамыту және қарсы барлау қызметін жүзеге асырушы органдардың басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау мәселелерін қарауды тапсырады;
3) қарсы барлау қызметін жүзеге асырушы органдардың қызметін қадағалайды, қадағалай нысанын және оны жүзеге асыру тәртібін белгілейді;
4) оларға бәлгілі тәртіпте және мерзімде қарсы барлау қызметін жүзеге асырушы органдары басшыларының есептерін тыңдайды;
5) Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
 
 
7-бап. Қарсы барлау қызметін жүзеге асырушы органдар  
1. Қарсы барлау қызметін жүзеге асырушы органдарға Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары жатады.
2. Қазақстан Республикасының арнаулы мемелкеттік органдары қарсы барлау қызметін осы Заңмен белгіленген тәртіппен және осы баптың 3, 4, 5-тармақтарымен белгіленетін шекте жүзеге асырады. 
3. Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары (бұдан әрі – ұлттық қауіпсіздік органдары) қарсы барлау іс-шараларын осы Заңның 11-бабы 1-тармағының 1), 2), 4), 5), 6), 7), 8), 9), 10) тармақшаларымен көзделген негіздемелер бойынша өткізеді.
4. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі (бұдан әрі – Мемлекеттік күзет қызметі) қарсы барлау іс-шараларын осы Заңның 11-бабы 1-тармағының 3), 9), 10) тармақшаларымен көзделген негіздемелер бойынша өткізеді.
5. Қазақстан Республикасының сыртқы барлау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – сыртқы барлау саласындағы уәкілетті орган) қарсы барлау іс-шараларын осы Заңның 11-бабы 1-тармағының 4), 9), 10) тармақшаларымен көзделген негіздемелер бойынша өткізеді. 
6. Қарсы барлау қызметін жүзеге асырушы органдардың өзара іс-қимыл жасау тәртібі бірлескен нормативтік құқықтық актілермен айқындалады.
7. Қарсы барлау қызметін жүзеге асырушы органдардың бірінші басшылары қарсы барлау қызметін жүзеге асыруға құқығы бар оларға бағынысты ведомстволардың, қызметтердің, бөлімшелердің, қызметкерлер санатының тізбесін белгілейді, өз құзыретінің шегінде қарсы барлау қызметін ұйымдастыру мен тактика және оның міндеттерін іске асыру мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілер шығарады.
 
8-бап. Қарсы барлау қызметін жүзеге асырушы органдардың міндеттері   
 Қарсы барлау қызметін жүзеге асырушы органдар:
1) олардың құзыреттеріне сәйкес Қазақстан Республикасының конституциялық құрылыс негіздерін, мемлекеттік егемендігін, аумақтық тұтастықты, экономикалық, ғылыми-техникалық және қорғаныс әлеуетін, Қазақстан Республикасының Президентін және Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының басқа да күзетілетін тұлғаларын, мемлекеттік заңды тұлғаларды, квазимемлекеттік сектор субъектілерін, мемлекеттік аса маңызы бар стратегиялық және өзге де объектілерді, Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын құрайтын мәліметтерді барлау-бүлдіру әрекеттерінен қорғау үшін қажетті шараларды қабылдауға;
2) барлау-бүлдіру іс-әрекетінің белгілерін, фактілерін және оны жүзеге асыруға ықпал етуші жағдайларды анықтауды қамтамасыз етуге;
3) Қазақстан Республикасының Президентін және мемлекеттік органдарын Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне төнген қауіп-қатер туралы ақпараттандыруға;
4) қарсы барлау қызметін жүзеге асыру кезінде құпиялылықты және қарсы барлау қызметін жүзеге асырушы орган күштерінің, құралдары мен ақпаратының қорғалуын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауға;
5) халықаралық шарттар негізінде шетел мемлекеті арнаулы қызметтерінің, қауіпсіздік органдарының, құқық қорғау органдарының, халықаралық құқық қорғау ұйымдарының сұрауларын орындауға;
6) Қазақстан Республикасының заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен көзделген өзге де міндеттерді орындауға міндетті. 
 
9-бап. Қарсы барлау қызметін жүзеге асырушы органдардың құқықтары   
         Қарсы барлау қызметін жүзеге асырушы органдар:
1) қарсы барлау іс-шараларын ұйымдастыру мен оның тактикасын айқындауға;
2) барлау және бүлдіру акцияларын ашу үшін әкімшілік және қылмыстық-процестік шаралар қолданбастан қарсы барлау іс-шараларын жүзеге асыруға;
3) жеке тұлғаларды жасырын ынтымақтастыққа тартуға;
4) құпия объектілер (кәсіпорындар мен ұйымдар) құруға, қызметкерлерді, әскери қызметшілерді, жасырын көмекшілерді шифрлайтын құжаттарды, сондай-ақ бөлімшелердің, ұйымдардың, үй-жайлар мен көлік құралдарының ведомстволық тиесілілігін пайдалануға;
5) ұйымдардың аумағына және үй-жайларына, сонымен қатар ерекше режимдік, режимдік, стартегиялық және мемлекеттік аса маңызы бар өзге де объектілердің аумағына тәуліктің кез келген уақтында кедергісіз кіруге;
6) қарсы барлау іс-шараларының барысында жазбаша және ауызша келісім бойынша жеке және заңды тұлғалардың мүлкін пайдалануға;
7) қарсы барлау іс-шараларын өткізу кезінде жедел іздестіру қызметін жүзеге асыруға құқығы бар органдардың келісімі бойынша осы органдардың күштері мен құралдарын тартуға;
8) қажетті ғылыми-техникалық немесе арнайы білімі бар лауазымды тұлғалар мен мамандардың көмегін пайдалануға;
9) қарсы барлау іс-шараларын өткізу кезінде барлау-бүлдіру іс-әрекетін имитациялайтын іс-қимылдарды жүзеге асыруға;
10) қарсы барлау іс-қимылын жүзеге асыруға ықпал ететін жағдайларды болдырмау жөнінде ұсыныс енгізуге;
11) арнайы және өзге де техникалық құралдарды, жабдықты қолдануға;
 12) Қазақстан Республикасының заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.  
 
 
10-бап. Қарсы барлау қызметі саласындағы өзара іс-қимыл және халықаралық ынтымақтастық
1. Мемлекеттік органдар, мемлекеттік заңды тұлғалар, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілері өз құзыреті шегінде қарсы барлау қызметін жүзеге асырушы органдарға осы Заңның 3-бабында көзделген міндеттерді шешуге көмек көрсетеді.
         2. Қарсы барлау қызметін жүзеге асырушы органдар халықаралық ынтымақтастық шеңберінде шетел мемлекеттерінің арнаулы қызметтерімен, қауіпсіздік органдарымен, құқық қорғау органдарымен, халықаралық ұйымдармен тиісті шарттардың негізінде өзара іс-қимыл жасайды.
         3. Халықаралық шарттардың тараптары арасында қарсы барлау саласындағы өзара іс-қимылға қатысты мәселелер бойынша мәліметтер өзара іс-қимылдың көлемі мен мазмұны туралы ақпаратқа тең, оған қол жетімділігі шектеледі және кімге болмасын берілуі немесе тараптардың әрбірінің жазбаша келісімінсіз және шарттарын толық есепке алмай қолданылуы мүмкін емес.  
 
11-бап. Қарсы барлау іс-шараларын жүзеге асыру негіздемелері
1.     Қарсы барлау іс-шараларын жүзеге асыру негіздемелері:
        1) Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін барлау-бүлдіру іс-әрекетінен қорғау бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шараларды іске асыру;
        2) қарсы барлау ақпаратының болуы, оның ішінде сотқа дейінгі тергеу барысында алынған ақпарат;
        3) күзетілетін тұлғалар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігі;
        4) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіретін іс-қимылдар, оқиғалар, процестер мен көріністер туралы мәліметтер алу, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікке төнген қауіп-қатердің қалыптасуына ықпал етуші себептер мен жағдайларды айқындау қажеттілігі;
        5) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарын, мемлекеттік заңды тұлғаларды, квазимемлекеттік сектор субъектілерін, мемлекеттік маңызы бар стратегиялық және өзге де объектілерді қарсы барлаумен қамтамасыз ету қажеттілігі;
        6) жұмысы Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне қауіп-қатер төндіретін радиоэлектрондық құралдар арқылы берілетін радиосәулеленуді, сондай-ақ барлау-бүлдіру іс-әрекетінде байланыс желілерін пайдалану бойынша іс-қимылдарды анықтау қажеттілігі;
        7) Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын құрайтын мәліметтерге рұқсат алуға ресімделетін (қайта ресімделетін), мемлекеттік қызметке кіретін және сонда тұрған, сондай-ақ судья, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының қызметшісі лауазымын атқаруға үміткер адамдарға міндетті арнайы тексеру жүргізу;
        8) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына жұмысқа, сондай-ақ мемлекеттік заңды тұлғаларға немесе квазимемлекеттік сектордың субъектілеріне басқарушылық функцияларды орындауға байланысты лауазымға тартылатын шетелдіктерге міндетті арнайы тексеру жүргізу;
        9) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес шетел мемлекеттері арнаулы қызметтерінің, қауіпсіздік органдарының, құқық қорғау органдарының, халықаралық және өзге де ұйымдарының сұраухаттары;  
        10) қарсы барлау іс-қимылын жүзеге асырушы органы күштерінің, құралдары мен ақпараттарының барлау-бүлдіру іс-әрекетінен қорғалуын қамтамасыз ету қажеттілігі болып табылады.
2. Ұйымдастырушылық-құқықтық нысан, заңды тұлғалардың мемлекеттік тиесілілігі, сондай-ақ азаматтығы, жынысы, ұлты, тұрғылықты мекенжайы, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайы, қоғамдық бірлестіктерге тиесілігі, дінге көзқарасы және жеке тұлғалардың саяси нанымдары, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, оларға қатысты қарсы барлау іс-шараларын өткізуге кедергі болып табылмайды.  
 
12-бап. Қарсы барлау іс-шаралары
1. Қарсы барлау іс-шараларына:
1) ақпаратты ресми түрде алу;
2) қарсы барлаулық сұрау салу;
3) жеке тұлғалармен ашық және жасырын қатынастарын анықтау, олардың мүмкіндіктерін қарсы барлау іс-қимылында пайдалану;
4) жедел  енгізу;
5) жедел бақылау;
6) жедел  эксперимент;
7) нәрселер мен заттарды табу, анықтау және алып қою, оларды зерттеу;
8) бақыланатын жеткізілім;
9) бақыланатын сатып алу;
10) техникалық барлау құралдарын және ақпараттың техникалық таралу арналарын іздеу;
11) байланыс желілеріндегі жедел мониторинг;
12) почта және өзге де жөнелтілімдерді жедел бақылау;
13) электрлі байланыс желілерінен ақпаратты жедел алу;
14) абоненттер және/немесе абоненттік қондырғылар арасындағы байланыстар туралы мәліметтерді жедел алу; 
15) ақпаратты жинауға, өңдеуге, беруге және сақтауға арналған құрылғылардан ақпаратты жедел алу; 
16) адамды немесе орынды жедел аудио- және/немесе бейнебақылау;
17) жедел ену жатады. 
 2. Осы бап 1-тармағының 1) – 11) тармақшаларында көзделген қарсы барлау іс-шараларын өткізу тәртібі қарсы барлау қызметін жүзеге асырушы органның нормативтік құқықтық актілерімен белгіленеді.
3. Осы баптың 1-тармағының 12) – 17) тармақшаларында көрсетілген қарсы барлау іс-шаралары Қазақстан Республикасы Бас Прокурорымен келісілген тәртіппен, сол сияқты Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісімі бойынша қабылданатын қарсы барлау қызметін жүзеге асырушы органдардың бірлескен нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес прокурордың рұқсатымен де жүргізілуі мүмкін.
4. Арнайы әдістер мен құралдарды қолданумен байланысты осы бапта көрсетілмеген өзге де қарсы барлау іс-шараларын жүргізу тізбесі мен тәртібі қарсы барлау қызметін жүзеге асырушы органның нормативтік құқықтық актілерімен белгіленеді.
Аталған іс-шаралар заңмен қорғалатын жеке өмірге қол сұқпауды, хат алмасу құпиясын, телефонмен сөйлесуді, телеграфтық хабарламалар мен пошталық жөнелтілімдерді, сондай-ақ тұрғын жайға қол сұқпау құқығын қозғамауы қажет. Оларда қолданылатын әдістер мен құралдар адамның өмірі мен денсаулығына, сондай-ақ қоршаған ортаға қауіп туғызбауы қажет.
5. Қарсы барлау қызметін жүзеге асырушы барлық органдардың міндеттерді шешу мүддесінде байланыс желісін пайдаланумен байланысты қарсы барлау іс-шараларын ұлттық қауіпсіздік органдары техникалық тұрғыда жүзеге асырады.
6. Қарсы барлау міндеттерін шешу үшін байланыс саласындағы заңнамалар талаптарына сәйкес байланыс операторлары алған және орнатқан техникалық құралдар пайдаланылуы мүмкін.
7. Мемлекеттік күзет қызметі және сыртқы барлау саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасы аумағындағы байланыс қызметі мен құралдарын ұсынатын жеке және заңды тұлғаларды стационарлы байланыс аппаратурасы мен желілеріне қосуды болдырмайтын телекоммуникация жүйелерін пайдалана отырып осы баптың 1-тармағы 13), 14) тармақшаларында көрсетілген қарсы барлау іс-шараларын жүргізуге құқылы.
8. Мемлекеттік күзет қызметінің жедел қамтамасыз ету объектілеріндегі және күзету іс-шаралары өтетін аймақтағы қарсы барлау іс-шаралары қарсы барлау қызметін жүзеге асырушы органдардың бірлескен бұйрықтарында белгіленген тәртіпте Мемлекеттік күзет қызметімен келісім бойынша жүргізіледі.
9. Нақты қарсы барлау іс-шараларының реттілігі мен мазмұны қарсы барлау қызметінің шарттарымен айқындалады.
10. Қарсы барлау іс-шараларын өткізу барысында алынған мүлікті иелену және оны мемлекет кірісіне айналдыру тәртібін Қазақсатн Республикасының Үкіметі белгілейді.
 
 
 
13-бап. Қарсы барлау қызметінің материалдарын пайдалану
Қарсы барлау қызметінің материалдары:
1) Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында өзге де стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды әзірлеу;
2) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Парламентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешім қабылдауы;
3) құқықтық шара қолдануды қоса отырып, Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін қорғау саласындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары, мемлекеттік заңды тұлғалар, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің шешім қабылдауы;   
4) Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін, халықаралық шарттарды әзірлеу;
5) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне төнуі мүмкін қатерлерді талдау, бағалау және болжау;
6) барлау және бүлдіру іс-әрекетінің алдын алу, анықтау және болдырмау;
7) Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінде көзделген тәртіпте қылмыстық қудалау үшін пайдаланылуы мүмкін.
 
14-бап. Қарсы барлау қызметін ақпараттық қамтамасыз ету және құжаттау
1. Осы Заңда қарастырылған міндеттерді шешу үшін қарсы барлау қызметін жүзеге асырушы орган ақпарат объектілерін құрады, пайдаланады, дамытады, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, сондай-ақ қарсы барлау істерін жүргізеді.
2. Қарсы барлау қызметін жүзеге асырушы органның ақпарат объектілерін құру, дамыту, пайдалану және  қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленеді.
3. Қарсы барлау істерін ашу және тоқтату тәртібі Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісімі бойынша қарсы барлау қызметін жүзеге асырушы органның бірінші басшысының нормативтік құқықтық актісімен белгіленеді.
 
15-бап. Қарсы барлау қызметінің материалдарын сақтау
1. Қарсы барлау қызметінің материалдары қылмыстық іске тартылған мәліметтерді қоспағанда тек қарсы барлау қызметін жүзеге асырушы органда ғана сақтауға жатады.
2. Қарсы барлау қызметінің материалдарын сақтау және жою тәртібі мен мерзімдері  қарсы барлау қызметін жүзеге асырушы органның бірінші басшысының нормативтік құқықтық актісімен белгіленеді.
 
16-бап. Қарсы барлау қызметін жүзе асыратын органдардың қызметкерлері, әскери қызметшілері
1. Қарсы барлау қызметін жүзеге асырушы органдардың қызметкерлерін, әскери қызметшілерін құқықтық және әлеуметтік қорғау шаралары, құқықтық мәртебесі Қазақстан Республикасы заңнамасымен белгіленеді.
2. Қарсы барлау қызметіне заңсыз араласу немесе кедергі келтіру, сондай-ақ қарсы барлау іс-шараларын өткізу кезінде қызметкерлердің, әскери қызметшілердің заңдық талаптарын орындамау қазақстан Республикасы заңдарымен белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
3. Қарсы барлау  іс-шараларын өткізу кезінде қарсы барлау қызметін жүзеге асырушы органның қызметкеріне, әскери қызметшісіне қатысты оны әкімшілік ұстауға, сондай-ақ жеке тексеруге, оның жанындағы заттарды, ол пайдаланатын қызметтік көлік құралдарын тексеруге жол берілмейді.
 
17-бап. Қарсы барлау қызметін жүзеге асырушы органдарға көмек көрсететін жасырын көмекшілер
 
1. Қарсы барлау қызметін жүзеге асырушы органдарға көмек көрсететін жасырын көмекшілер мемлекет қорғауында болады.
2. Қарсы барлау қызметін жүзеге асырушы органның нормативтік құқытық актісімен қарастырылған тәртіптегі олардың жазбаша келісімінсіз жасырын  көмекшілер туралы мәліметтерді ешкімге беруге жол берілмейді.  
3. Жасырын көмекшілердің өмiрiне, сондай-ақ олардың отбасы мен жақын туыстарының денсаулығына немесе мүлкiне анық қауіп төнген кезде, қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын уәкілетті орган құқыққа қарсы іс-әрекеттi болдырмаудың, айыптыларды анықтау және оларды жауапқа тартудың барлық қажетті шараларын, сондай-ақ қажет болған жағдайда қылмыстық процеске қатысқан тұлғаларды мемлекеттік қорғау туралы заңнамасына сәйкес қауіпсіздік шараларын қолдануға мiндеттi.
4. Жасырын көмекшілердің қарсы барлау қызметін жүзеге асырушы органның бірінші басшысы белгілеген тәртіпте сыйақы алуға құқығы бар.
5. Жасырын көмекші қарсы барлау іс-шараларын өткізуге қатысу кезінде қайтыс болған жағдайда қаза тапқан жасырын көмекшінің отбасы және оның асырауындағыларға:
ақылы негізде ынтымақтастықта болған қаза табушының он жылдық ақшамалай үлесі;
ақысыз негізде ынтымақтастықта болған адам қаза тапқан кезде Қазақстан Республикасы заңнамасымен белгіленген ең төменгі айлық жалақының он жылдық сомасы көлемінде бір мезгілдік жәрдемақы төленеді.
6. Өткізілген қарсы барлау іс-шараларына қатысуына байланысты жасырын көмекші зақым алғанда немесе денсаулығына өзге де зиян келтіргенде, оған:
ақылы негізде ынтымақтастықта болғандарға - бес жылдық ақшалай үлес:
ақысыз негізде ынтымақтастықта болғандарға - Қазақстан Республикасы заңнамаларымен белгіленген ең төменгі жалақының бес жылдық сомасы көлемінде бір жолғы жәрдемақы төленеді.
7. Қарсы барлау іс-шараларын өткізуде жасырын көмекшінің қатысуына байланысты келтірілген зиянды, өлімді өтеу, сондай-ақ мертігу сипаты мен денсаулығына зиян келтіру дәрежесіне байланысты бір мезгілдік жәрдемақы көлемі қарсы барлау қызметін жүзеге асырушы органның нормативтік құқықтық актілері анықтайтын тәртіпте қарсы барлау қызметін жүзеге асырушы органның қаржысы есебінен жүргізіледі.
8. Жасырын көмекшілермен жұмысты ұйымдастыру және жүргізу тәртібі қарсы барлау қызметін жүзеге асырушы органның нормативтік құқықтық актілерімен белгіленеді.
 
18-бап. Қарсы барлау қызметіне ведомстволық бақылау жасау
1. Қарсы барлау қызметіне ведомстволық бақылау жасауды ұйымдастыру және жүргізу қарсы барлау қызметін жүзеге асырушы органның бірінші басшысына жүктеледі.
2. Қарсы барлау қызметін жүзеге асырушы органның бірінші басшысы:
қарсы барлау қызметін  ұйымдастыруды, тактикасын, түрлері мен әдістерін, жұмылдырылған күштер мен құралдарды;
шет мемлекеттерінің арнаулы қызметтерімен, қауіпсіздік органдарымен, құқық қорғау органдарымен, халықаралық ұйымдарымен халықаралық ынтымақтастықты ұйымдастыру және жүзеге асыруды;
 құпиялылық пен жасырындылықты қамтамасыз етуге бақылауды жүзеге асырады.
 
19-бап. Қарсы барлау қызметін жүзеге асыру кезіндегі прокурорлық қадағалау
1. Қарсы барлау қызметін жүзеге асыру кезінде заңдардың және өзге де нормативтік құқықтық актілердің дәлме-дәл және біркелкі қолданылуына жоғары қадағалауды Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры және ол уәкілеттік берген прокурорлар жүзеге асырады.
2. Қарсы барлау қызметін жүзеге асыру кезінде заңдардың және өзге де нормативтік құқықтық актілердің дәлме-дәл және біркелкі қолдануын қадағалау тәртібі Бас Прокурордың және қарсы барлау қызметін жүзеге асырушы орган бірінші басшысының бірлескен нормативтік құқықтық актілерімен белгіленеді.  
3. Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы, қарсы барлау қызметін жүзеге асырушы органның заңдылықты бұзғандығы туралы азаматтардың өтініштері прокурорлық тексеріс жүргізуге негіз болып табылады.
4. Жасырын көмекшілер мен құпия қызметкерлер, сондай-ақ қарсы барлау қызметін ұйымдастыру және тактикасы, шет мемлекеттердің арнаулы қызметтерімен, қауіпсіздік органдарымен, құқық қорғау органдарымен, халықаралық ұйымдарымен халықаралық ынтымақтастығы, шетелде өткізілетін іс-шаралар туралы мәліметтер қадағалау нысанасына кірмейді.
5. Осы Заңның 12-бабы 1-тармағының 12) – 17) тармақшаларында көрсетілген қарсы барлау іс-шараларын өткізуге санкция алған кезде прокурорға мазмұны бойынша жасырын көмекшілер мен құпия қызметкерлер туралы, сондай-ақ қарсы барлау қызметін ұйымдастыруға және тактикасына қатысты мәліметтердің құпиясын ашу мүмкіндігін болдырмайтын нысанда оларды өткізу үшін негіздеме болып табылатын материалдар ұсынылады.
Қарсы барлау іс-шарасының нәтижелері туралы оны өткізуге санкция берген прокурорға хабарланады.
6. Қадағалау мәселелері бойынша уәкілетті прокурорлар қарсы барлау қызметін жүзеге асырушы орган басшысының қабылдауына кідіріссіз кіруге құқығы бар. Уәкілетті прокурорлар тізбесі қарсы барлау қызметін жүзеге асырушы органдардың бірінші басшыларының келісімі бойынша Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бұйрығымен белгіленеді.
7. Уәкілетті прокурорлар қарсы барлау қызметін жүзеге асырушы орган объектілерінде болған уақытта, оларға осы органда белгіленген өткізу және объектішілік режимдер талаптары қолданылады.
 
20-бап. Қарсы барлау қызметін қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету
Қарсы барлау қызметін қаржыландыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
 
21-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң алғаш ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.
 
 
          
Қазақстан Республикасының
                Президенті
 
  
 
 
 
 

Артқа