Жаңалықтар мұрағаты

Қараушыларға сауал

Сұрақ: Біздің сайтымыздың жаңа ңұсқасына баға беріңіз
Жаман
Онша емес
Орташа
Жақсы
Керемет

Қолданушы нұсқасы


мұрағат

Таратылымға жазылу

   Все новости

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұражайында

Смағұл Рахымбек, жазушы, BAQ.kz, 01.03.2012 жыл

… Азаттығын алған Қазақстанның бостандық байрағының асқақтай желбірегені, әлемге танылып,талайларды таңдай қақтырған жасампаз жұмыстары көрігінің күн санап қызғаны пейілі басқалардың қызғанышын қоздырып,жаулық ниеттерін тұтататыны рас...Оны дер уағында анықтап,қауіптің алдын алып отыру да оңай шаруа емес екен... Ұлттық қауіпсіздік комитетінің республикалық мұражайын оның директоры, полковник Қайрат Темірбеков ағамыздың бастауымен аралап, Отан үшін бастарын талай қауіптерге тіккен құпия майдан сарбаздарының жауынгерлік ерліктерімен таныса жүріп, осы жайды ойға түйдік…

…1999 жылдың қарашасында ҰҚК-ының қарсы барлауы Шығыс Қазақстан жерінде В.Казимирчук деген жат пиғылды адам бастаған қылмыскер топтың істерін әшкерелегені мәлім. Шовинистік ниеттері асқынған олар өзіне «Пугачев» деген лақап ат қойып,есірген қылмыскердің жетекшілігімен мұздай қаруланып, Өскеменнің бүкіл өлкесін «Русский Алтай» деп атап,заңсыз автономия құрып,артынан Ресейдің Алтай аймағына қосуға өздерінше дайындалған.Азаттығын алған Қазақстанның еңсе көтеруге бет алған қадамдары іштерін күйдірген аз ғана қылмысты топ зордан дәмеленіп,автоматтар,оқ-дәрілер,жарылғыш заттар,жалған құжаттар жинаған.Ел ішіне іріткі салмақ болған.Бұның алдында 1996-97 жылдарда Ақмоланың шойын құю зауытында ордалы жыланның ұясындай жасырын мекендерін жасақтап, осы өнеркәсіп орынында танкіге қарсы қолданатын миналар,қол гранаталарын, Израилдың «Узи» автоматтарын қолдан жасаумен айналысқан,құрамына зауыттың кейбір жұмысшылары да кірген қауіпті қылмысты топ қауіпсіздік қызметінің күшімен дер уағында ұсталған.Екі оқиғаның артында да оны жымысқы қара ниетпен ұйымдастырушылар болғаны,ел тәуелсіздігінің ақ жолына көлденең тұруға тырысқандар жүргені айқын еді.Сол жылдары Көкшетау қаласының орталығындағы байланыс бөлімшесі маңындағы құбыр құдығынан да топтастыра буылған жарылғыш заттар табылып,залалсыздандырылғанын және естігенбіз.Осы оқиғалардан бұрын 1992 жылы Шымкенттің әуежайында балалар мінген автобусты кепілге алып, 11 адамның өміріне қатер төндіріп,қиғылық салған қылмыскерлер де осы қарсы барлаудың «Арыстан» арнайы тобының/ ол кезде «Альфа» деп аталған/ күш жұмсауымен құрықталған.Қылмыскерлер «Ташкент» поезында этаппен жазаларын өтейтін жерлеріне кетіп бара жатқан жерінен есебін тауып қашқан аса қауіпті адамдар еді. Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлерінің шебер іздестіру шараларының нәтижесінде 1999 жылдың сәуір айында «Алматы-Мәскеу» поезынан Орал стансасында қылмысты топ қолға түсті.Олар біздің дәуірімізге дейінгі Рим империясы тұсында жасалған тарихи құны қымбат 133 алтын монетаны елден алып кетпек болған..ҰҚК-нің еліміздің және оның азаматтарының қауіпсіздіктерін қамтамасыз етудегі ерлік еңбектерін баян ететін,ең бастысы-ұрпақтарды отаншылдыққа тәрбиелеуге ықпалы үлкен осындай шежірелер мен жәдігерлердің мұражай қорында осы күнде 360 түрі жиналған.Олардың 180-і ғана көрермендер назарына ұсынылған.Республиканың ұлттық қауіпсіздік саласының өткені мен бүгінгі тіршіліктерін баян ететін материалдардың назарға түгелдей қойылмауының себебі- мұражай залдары бүгінде қайта жасақталуда.

-Амандық болса,сол жағалаудағы осы жаңа ғимаратымыздағы ҰҚК мұражайының кең залдарын ашар күндер де таяу қалды..Сонда бүкіл экспонаттарымызды жарқырата қоятын боламыз.Мұражай материалдарын жинап қана қоймай оларға ғылыми,кәсіби,тарихи тұрғылардан зерттеулер жүргізу,жүйелеу,сақтаудың шараларын да қолға қазіргіден де кең көлемде алмақшымыз.Қазақстанның әр тараптардағы мұражайларымен,салалық қорғаныс,ішкі істер,әділет министрліктерінің осындай мекемелерімен іскерлік байланыстар нығаюда,керек уағында материалдар алмасуға мүмкіндіктер бар,-дейді ҰҚК-ы мұражайының директоры,полковник Қайрат Темірбеков ағамыз.

Бүгінде өзінің қалыптасу кезеңінен өткен мұражай әуелінде 2000 жылы 15 желтоқсанда ел тәуелсіздігі Күні қарсаңында ашылған болатын..Мұражай материалдары ҰҚК-ының тұңғыш төрағасы,генерал-лейтенант Болат Бәйекеновтің,одан кейін осы мәртебелі де,аса жауапты қызметте жемісті еңбектер атқарған генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев,генерал-лейтенант Жеңісбек Жұманбеков,генерал-майор Нұртай Әбіқаев,Марат Тәжин,генерал-лейтенант Нұртай Дүтбаев,генерал-лейтенант Аманкелді Шабдарбаев басқарған жылдардың тарихи белестерін,бүгіндегі генерал Нұртай Әбіқаев жетекшілігіндегі ұлттық қауіпсіздік салаларының тыныстарын баян етеді.

1992 жылдың 13 шілдесінде МҚК-і Елбасының №844-ші Жарлығымен Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті болып қайта құрылды.ҰҚК-інің құрылған күні құрметіне ұжымда болған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзіне бір кездері ҚХР төрағасы Цзянь Цземин сыйлаған нефрит киелі тасынан жасалған семсерді және Алтын Адам мүсінің кішірейтілген нұсқасын тарту етті..Ел қауіпсіздігін қорғауда батыл ,қаһарман болуға шақырғаны Елбасының сол семсер де бүгінде мұражайдың көрнекті жерінде орналасқан.

Осы жылдарда ҰҚК-інің бүкіл нормативтік-құқықтық құжаттарын жаңа заман талаптарына сай дайындау секілді ұлан-ғайыр жұмыстарды генерал Асқар Мұстафин,полковник Геннадий Никитин секілді тәжірибелі мамандар бастаған іскер жандар атқарды.Осы азаматтар кейін бір топ сардарлармен қатар «ҰҚК-ының құрметті қызметкері» атақтарын алып, №. 1 және №2 төсбелгілерін омырауларына қадаған.Мұражайдың маңдай алды залының қабырғасында осы ардагер,еңбектері сіңген азаматтардың суреттері ілулі тұр.Әлемде кез келген мемлекеттің өз қауіпсіздігін қамтамасыз етуіндегі жинақтаған сара тәжірибелері болары анық.Соларының өзгелермен бөлісуге жататындарын ортаға сала жүріп,халықаралық лаңкестік секілді ғасырдың қауіпті кеселдерімен білек біріктіре күрескен зайыр.Қазақстанның Ұлттық Қауіпсіздік саласының өзі құрылған күнінен бастап осы бағытта да өркениетті қадаммен жұмыс істеп келе жатқаны генералдар Бәйекенев,Тоқпақбаев,Әбіқаевтардың Ресей ФСБ-сын әр жылдарда басқарған Примаков,Степашин,Путиндермен іскерлік кездесулерінен аңғарылады.Мұражайда сол уақыттардағы құжаттар мен фотолар сақтаулы.Дәл осы арадан 2000 жылы 20 мамырда Астанада өткен ТМД елдері арнайы қызмет басшыларының Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен кеңесінің де тарихи сәттерін байқайсыз.

Ұлттық қауіпсіздік комтитетін әр жылдары басқарған төрағаларға шетел сапарлары немесе ірі жиындарда сыйланған түрлі сардарлық қарулар да мұражайдың осы бөлігінде жиналған.1999 жылдың қыркүйегінде құрылған тіл басқармасының да өз шежіресі бар.Бүгінге дейін ҰҚК-інің осы қызмет саласы мемлекеттік тілдің мерейін орнықтыруға,әсіресе,іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізуді қолға алуда атап өтерліктей қомақты істер тындырған.Қызметкерлердің ұйымдастыруымен ұжымда Шерхан Мұртаза,Әбіш Кекілбаев секілді ұлт зиялылары мейман болып,ел тағдырына,тарихи әділіктің орнауына қатысты ҰҚК тарапынан жасалып жатқан жұмыстарға зейін салған.Бір ғана мысал-еліміз тәуелсіздік алғалы бері ҰҚК-ы кеңестік тоталитаризм кезеңіндегі саяси-қуғын сүргінге ұшыраған азаматтарымыздың ұзын саны 118 мың ісін тарих қатпарларынан аршып алып,қайта қаралуына,ақталуларына тер төккен.

Мұражайдағы Сәкен Сейфуллинге қатысты материалдар да бар. Осындағы том-том қағаздар Сәкен ісін терген Иванов дегеннің жұмыстарын баян ете келе, ақынның ақтығына, адалдығына, кінәсіздігіне өзгелердің көзін жеткізуге тырысқан, сөйтіп, өзі де кінәсіз жазалауға ұшыраған сол кездегі НКВД тергеушісі Серікқали Жақыповтың өмірінен хабардар етеді.Арнайы зерттеп, көз майын тауыса шұқшиған адамға мұрағат қорларының ашар осындай сырлары жетерлік.

1999 жылы қарсы барлау қызметкерлерінің белгілі бір уақыт аясында індете іздестіру жұмыстарын тиянақты жүргізгендерінің арқасында Астанадағы әуежайда үлкен көлемде аса құнды көне заман икондарын әкетіп бара жатқан бір топ израил азаматтары назарға ілігіп,Ресейдің ФСБ–ысымен бірлескен жедел шаралардың нәтижесінде Мәскеудің Шереметев әуежайында бұлтартпас айғақты заттарымен тұтқынға алынды.Осы операция екі елдің қауіпсіздік қызметтері арасындағы бірлесе жұмыс ақтарудағы шеберліктерін айғақтай түсті.Бұл кездің де материалдарын мұрағаттан көруге болады.ҰҚК мұражайының үлкен бір көрінекі тұсы ұлттық қауіпсіздік комитетінің Академиясына бағышталған.Қазіргі Академия 1970 жылдары Алматыдағы МҚК-нің жоғарғы курсы ретінде жұмыс атқарған,осы саланың оқу-тәрбие бағыттарын игеруде өзіндік тәжірибе жинақтаған ұжым еді.Кейін 1999 жылы әуелі институт болып ірге тұрғызды да,артынан іле,2000 жылы Академия ретінде шаңырақ көтерді.Бұған қоса тәуелсіздіктің таңы атысымен Алматыдағы маршал Конев атындағы шекара училищесі де осы салаға білікті мамандар дайындайтын институтқа айналды.Мұражайда ҰҚК-інің осы екі жоғарғы оқу орынының өсу-өркендеу жолдарынан хабардар ететін толыққанды тарихи жәдігерлер жетерлік.

Келушілердің назарын ортаңғы залдағы алыс –жақын шет мемлекеттердің,олардың ішінде Қытай,Түркия,Румыния,Пәкстан, АҚШ секілді елдердің арнайы қызмет салалары басшыларының кезінде ҰҚК-жетекшілері болған генералдар Жұманбеков,Дүтбаевтарға жасаған тату-таралғылары да аударады.

ҰҚК-нің Астанадағы республикалық Орталық осы бас мұражайының меймандары әр уақытта да көп.Олар негізінен қауіпсіздік саласы мамандарын дайындайтын жоғарғы оқу орындарының,қала мектептерінің жастары,белгілі қоғам және мәдениет қайраткерлері.Қонақтар кітабында келушілердің ұлттық қауіпсіздік мұражайынан алған әсер,толғаныстары,тілектері жазулы.2005 жылы осы мұражайда Сәкен Сейфуллиннің тікелей ұрпақтарының бірі-Рымжан Сейфуллина да болған екен.Аяулы апамыз меймандар кітабына «-Сәкен ағамның соңғы суреті жүрегімді тағы да бір дір еткізді.Ел аман болсын, азаматтар алаңсыз өсіп-жетіле берсін»-деген көңіл толқытар сөздерін қалдырыпты.

Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Астанадағы осы орталық мұражайының құрылған күнінен бастап оның шаруасына ынта-жігермен кірісіп,қазіргідей биігіне жеткізуге күш қосқан полковник Қайрат Темірбеков ағамыздың еңбектерін айырықша атап өткен зайыр.1973-1993 жылдарда 20 жыл үзіліссіз Қазақстанның мемлекеттік қауіпсіздік органдарында адал еңбек атқарған Қайрат Темірбеков ағамыз саланың әр буынының ерлікке толы шежірелі жылдарына қанық адам.Әскери және еңбек жолдарының шынығу мектептерінен өткен Қайрат Темірбекұлы зейнетке шыққан соң,біраз жыл Зерендідегі ҰҚК-нің демалыс үйін басқарды.1998 жылдан бері осы Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Орталық мұражайының директоры..

Мұражай бүгінде Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік саласының жас буындарын отаншылдық сезімдерге баулуға, аға ұрпақтардың жүріп өткен жолдарын мақтан тұтып, өз жұмыстарына шын берілгендікпен ат салысуға,ең бастысы -тәуелсіз еліміздің мемлекеті мен халқының мүдделеріне жоғары біліктілікпен ,кәсіби дәрежеде қалтқысыз жұмыс істеулеріне өз ықпалын анық тигізіп келе жатқан тәлім мен тәрбиенің ұлағатты мектебіне айналуда. Бұған Отандық қауіпсіздік саласының ардагері,білікті маман,ардақты ағамыз,полковник Қайрат Темірбекұлының қосып отырған үлестері аса үлкен.Таяуда Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Орталық ардагерлер Кеңесінің төрағасы,генерал-майор Тұрсын Ғабиденұлы Айжолов ағамыз бен полковник Қайрат Темірбекұлы жастармен кездесуге келіп,тәуелсіздік қадірі,мемлекеттігіміздің қауіпсіздігін сақтау жөнінде әсерлі де,ғибартты әңгімелер айтты.

Аға ұрпақтың отаншылдық қасиеттері кейінгі толқындарға тағылымы мол мектеп екені ақиқат.

Артқа