Жаңалықтар мұрағаты

Қараушыларға сауал

Сұрақ: Біздің сайтымыздың жаңа ңұсқасына баға беріңіз
Жаман
Онша емес
Орташа
Жақсы
Керемет

Қолданушы нұсқасы


мұрағат

Таратылымға жазылу

   Все новости

«Ақтаңдақ жылдар» ақиқаты

Республикамыздың Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен оның жергілікті органдары қуғын-сүргін құрбандарына қатысты тарихи және әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үстінде.

Ақтау үрдістері Сталиннің және оның айналасындағылардың жеке басына табынуды әшкерелеген «хрущевтік жылымық» кезеңінде басталған болатын. Осыдан кейінгі жылдары қалыптасқан номенклатуралық көзқарас оңтайлы басталған өзгерістің жалғасуына кедергісін тигізді. Тек 80-жылдарғы қайта құру, жариялылық пен демократияландырудың арқасында тарих беттеріне, өткен тоталитарлық жүйенің құпиясына жаңаша қарауға мүмкіндік туды.

КСРО Жоғарғы Кеңесінің «30-40-ыншы және 50-інші жылдар кезеңінде орын алған қуғын-сүргін құрбандарына қатысты әділеттілікті қалпына келтіру бойынша қосымша шаралар туралы» 1989 жылдың 16 қаңтарындағы Жарлығының шығуына байланысты демократияландыру үрдістері жаңаша қарқын алды. КСРО МҚК «екілік», «үштік», «ерекше кеңестер» секілді соттық мәртебесі жоқ органдарының шешімдерін жою бойынша көтерген жеке бастамасының арқасында жоғарыда аталған маңызды құжат дүниеге келді. КСРО кезіндегі қуғын-сүргін мен террор жылдары тек Қазақстанның өзінде 118 мың адам 20-50-ыншы жылдардың аралығында соттық және соттық емес органдарының шешімдерімен мемлекеттік қылмыс жасады деп негізсіз айыпталып (олардың 20% - жоғары жазаға), сотталған.

«Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы жарыққа шыққан соң кінәсіз сотталғандарды ақтаудың жаңа кезеңі басталды. Бұл жерде ескерте кететін нәрсе, Ұлы Отан соғысы кезеңінде Отанын сатқандар мен жазалаушыларға, нацистік қылмыскерлерге, бандалық құрылымдарға қатысқандар мен олардың жандайшаптарына, жекеменшікке қарсы қылмыс жасаған адамдарға (бандитизм, ұрлық, тонау, қарақшылық, ұрлау және т.б.) сондай-ақ жалған қылмыстық іс ұйымдастырған ІІХК қызметкерлеріне Заңның күші жүрмейді.

Ұлттық қауіпсіздік органдары 1989 жылдан бастап прокуратура және сот органдарымен білесе отырып тоталитаризмнің кінәсіз құрбандарының қылмыстық істерін қайта қарау бойынша жұмыстар жүргізіп келеді. Аталған құрылымдардың кәсіби біліктілігі жоғары мамандарының қатысуымен бірлескен топтар мен комиссиялар құрылып, қылмыстық істерді қайта қараудың нәтижесі бойынша ақтау туралы қорытындылар шығарылады.

Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлері ақтау бойынша жұмыстарды атқаруды алдыңғы буын ағалар алдындағы өздерінің адамгершілік парызы деп санайды және азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерін қалпына келтіруде, жариялылықты дамыту мен қоғаммен байланысты кеңейтуде оны барынша қолдануға тырысуда.

Ақтау мәселесі бойынша азаматтардың ең көп хабарласқан кезеңі 1997-1998 жылдары болды. Мысалы, 1997 жылы Жалпыұлттық келісім және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы аясында, ҚР ҰҚК органдары мен бөлімшелері азаматтардың қуғын-сүргінге түскен туысқандарын іздестіру және олардың құқықтарын қалпына келтіру бойынша көмек көрсетуде бірқатар ұйымдық практикалық іс-шаралар атқарды. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы азаматтарды ақтау мәселесіне сәйкес Қазақстан Республикасы Заңы бойынша тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жүргізіліп жатқан іс-шаралардың барысы халыққа таныстырылды, бірқатар мұрағаттық қылмыстық істер жарияланды, «дөңгелек үстелдер», ғылыми-практикалық конференциялар өткізілді. Осындай ұйымдық шаралар бұрынғы жылдармен салыстырғанда азаматтардың өтініштерінің бірден көбеюіне әсер етті, хабарласқандардың дені қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың Қазақстанда тұратын балалары мен немерелері еді.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бастамасы бойынша жаппай саяси қуғын-сүргін жылдары сотталып, соңынан ақталған алыс және жақын шетел азаматтарының тізімдері дайындалды. Дайындалған тізімдер Қазақстан Республикасы СІМ арналары арқылы Қазақстанға келіп жатқан елшіліктер мен шетелдік ресми делегациялардың мүшелеріне табыс етілді. Олардың ішінде молдаван ұлтының 164 азаматы, белорусь ұлтының 200 азаматы және 1300-ден астам өзбек ұлтының азаматтары болды. Югославияда туылған 43 адам туралы мәліметтер Белград қаласының қазіргі тарих институтына, ұлты қырғыз, Қырғызстанда туылған 152 адамның тізімі, сондай-ақ 1920-1950 жылдары «Степлаг» лагерінде жазаларын өтеген украин ұлтының 5200 саяси тұтқындарының тізімі «Кыргызстан-Астана» ұлттық мәдени орталығына жіберілді. 2008 жылы ұлттық қатынасы бойынша қуғынға түскендердің тізімі ТМД елдерінің барлығына берілді.

Қазақстан Республикасы Президентінің бірқатар елдердің билік органдарына тағдыр тәлкегімен Қазақстан аумағында болған отандастарының тағдырына қатысты құжаттарды беру туралы шешімі әлемдік қауымдастықта жоғары бағаланды. Соған байланысты кейбір сәттер төмендегідей болып келеді.

2001 жылдың сәуір айы: ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Литва еліне жасаған ресми сапары кезінде сол елдің жоғары билік органдарына қуғындалған литвалықтардың құжаттары берілді. 2004 жылдың қыркүйегі: елімізге сапарлап келген Латвия көшбасшысы В.Вике-Фрейбергке Қазақстан басшысы латыш ұлтының азаматтарына қатысты мұрағат құжатарын жеке өзі табыстайды.

Осыдан сәл уақыт бұрын, 2000 жылы ҚР Президенті Шнеерсон Лейвик Залмановичтің ақталғандығы туралы құжаттарын оның баласы – Нью-Йорк раввиніне берді.

Облыстық газеттерде ақталған азаматтардың тізімі жарияланды, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздік органдарының қатысуымен әкімдіктердің қолдауымен көптеген облыстарда «Естелік кітаптары» басылды, онда жоғары жазаға кесілгендер мен саяси астармен қуғындалғандарға қатысты деректер жарияланды.

Ұлттық қауіпсіздік органдары қазақстандық «Әділет» тарихи-ағартушылық қоғамымен тығыз жұмыс істеуде. Ұлттық қауіпсіздік комитеті өткен ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін құрбандары деректерінің электронды базасын жасады. Аталған деректер банкінің мәліметтері халықаралық «Мемориал», республикалық «Әділет» тарихи-ағартушылық қоғамына берілді.

ҰҚК ұсынған материалдар негізінде 1921 жылдан бері қарайғы саяси қуғын-сүргін кезінде атылғандардың тізімі басылған «Азалы кітап» шықты, 2012 жылы аталған кітаптың 9 шығарылымы жарық көріп, оның Республикалық мемлекеттік мұрағатта өткен тұсаукесеріне ҰҚК ОАММ бастығы қатысты.

Қазақстан Республикасы Президенті Мұрағатының, Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының, «Әділет» тарихи-ағартушылық қоғамының шақыруы бойынша ҰҚК Мұрағат басқармасының бастығы мен осы басқарманың аға офицері «Қазақстан: 1946-53 жылдарғы соғыстан кейінгі қоғам» атты ғылыми-практикалық конференцияға белсене қатысып, «саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтаудағы Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының рөлі» атты баяндама жасады. Аталған баяндама халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның материалдар жинағында жарияланды.

Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік органдары облыстық тарихи-өлкетану мұражайларында арнайы көрме ұйымдастыру бойынша бірлескен іс-шаралар өткізуді жүзеге асырып келеді, онда қуғын-сүргінге түскендердің қылмыстық істерінен: жеке құжаттары, фотосуреттері, жазбалары, тінту хаттамалары, тұтқындалғандардың анкетасы секілді материалдар қойылады.

Сталиндік жылдарда көрнекті зиялы қауым өкілдерінің, туысқандарының және басқа да адамдардың мұрағаттық материалдарымен танысуға шығармашылық бірлестіктер, ғалымдар, қоғамдық ұйымдар, министрліктер тарапынан өтініш білдіргендер көптеп саналады, ал ҰҚК Веб-сайтының электронды порталының іске қосылуымен олардың саны тіпті арта түсті. Мұндай өтініштер жауапсыз қалмас үшін ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлері қолдан келгеннің бәрін істеуде.

Тек 2011 жылдың өзінде ғана ҰҚК веб-сайтының «кері байланыс» арнасы арқылы жаппай қуғын-сүргін жылдары қуғындалған туыстары жайында берілген мәліметтер үшін ҰҚК арнайы мемлекеттік мұрағаты қызметкерлеріне әртүрлі елдерден (Алмания, Ресей, Украина, Қазақстан) көптеп алғыс айтылды.

Мысал ретінде таяу шығыс елдерінен ҚР ҰҚК Ақтөбе облысы бойынша департаментіне келген өтініш иелерінің хаттарынан үзінділер келтірелік. Мәселен, Ресей Федерациясының Таганрог қаласынан Л.В. Запевайлова былай деп жазады: «Әкем Лебедев Александр Петровичтің айыпталуы бойынша менің жолдаған өтіншіме Сіздің қызмет тарапынан толыққанды жауап берілді, оның ішінде барлық анықтамалар мен әкемнің қайтыс болуы туралы куәліктер де қамтылған. Жантүршігерлік құжаттар. Хабарлауға тура келіп отырған осындай жантүршігерлік деректерге әрине, сіздердің ешқандай қатыстарыңыз жоқ. Көмек көрсеткендеріңіз үшін, адамгершілік қатынастарыңыз үшін қызметтеріңізге айтар алғысым шексіз, тіпті айтарға сөз таппай отырмын. Сіздер секілді тамаша адамдарға менің де бір жақсылық істегім келеді. Тағы да шын жүректен алғысымды білдіріп, тағзым етемін».

Сявавка Нестор Михайлович Львов қаласынан: «менің әкем Сявавка Михайл Дмитриевичтің тағдыры туралы хабарлағандарыңызға шын жүректен алғыс айтамын. Сіздер шыншыл адам ретінде бізге шындықты айта білдіңіздер. Әкем күннің соңғы шапағын қарсы алған жерге, Қазақстанның барша халқы мен Сіздерге шешеміздің атынан және біздің атымыздан терең тағзым етеміз! Мұндай сұмдық енді қайтып қайталанбасын!». Осы тектес шын көңілден алғыс арқалаған хаттар Қазақстан қауіпсіздік органдарының барлық органдарына келуде.

Зерттеушілер заңдылық шарттарын сақтай отырып мұрағаттағы қылмыстық істерімен танысып шықты және алдағы кезде де таныса беретін болады. Мәселен, Әл Фараби атындағы ҚазМҰУ ректоратының ұсынысы бойынша профессор Т. Кәкішевке С. Сейфуллиннің, профессор А.С. Такеновке Т. Шонанов пен Е. Омаровтың қылмыстық істерімен танысуға мүмкіндік жасалды. Тараз мемлекеттік университетінің профессоры Ж.К. Боданов «Тарих үкімі: кінәсіздер» атты кітап шығарды, облыстық «Знамя труда», «Ақ жол» және т.б. бірқатар мақалалар жариялады. Республикамыздың ұлттық қауіпсіздік органдары Арнайы мемлекеттік мұрағатының қызметкерлері ғылыми атақтар мен дәрежелер бойынша ізденушілерге еліміздің тоталитарлық өткен кезеңінің мәселелеріне қатысты кандидаттық және докторлық диссертациялар, ғылыми мақалалар мен монографиялар жазуға нақтылай көмек көрсетіп келеді.

Қуғын-сүргін құрбандарының жерлеу орындарын анықтау бойынша да ұлттық қауіпсіздік органдары аз жұмыс атқарған жоқ. Прокуратура органдарымен бірігіп шығарылған қорытынды негізінде 1999 жылы Қазақстанның барлық облыстарында жергілікті билік органдары мемориалдар тұрғызды. Мәселен, ҰҚК Қызылорда облысы бойынша департаменті қызметкерлерінің қатысуымен жаппай жерлеу болған Сабалаққұмында естелік обелиск орнатылып, митинг өткізілді.

Астана және Алматы архиепископы Алексидің өтініші бойынша Епархиалдық комиссияның мүшесі Королев В.В. дін қызметкерлерінің мұрағаттық істерімен танысты. Астана қаласындағы Константино-Еленин кафедральды шіркеуінің канонды емес жаңашыл азапшегушілері, тәубешілері мен сопыларына қатысты «Акмолинский патерик» кітабын шығару үшін материалдар дайындауға ҰҚК арнайы мемлекеттік мұрағатының қызметкерлері көмек көрсетті.

Ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлері сол бір сұрапыл жылдары кінәсіз жапа шеккен отандастарын ақтау ісін қарастыруды жалғастырып келеді, бұл арқылы оның қалың көпшілік алдындағы беделі мен абыройы көрінетін болады. Бүгінгі ұрпақтар - тарих сабақтары ескерусіз қалған жоқ және біздің егеменді жас мемлекетіміз шын мәнінде құқықтық болды, ал оның заңдары Қазақстанның өсіп-өркендеуі жолындағы азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға арналған деп айтуы үшін әлі де көп жұмыс атқаруға тура келеді.

ҚР ҰҚК баспасөз қызметі

Артқа