Menu
X
Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын қорғаудың кейбір мәселелері туралы. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығының жобасы

Қазақстан Республикасы мемлекеттік құпияларын қорғау жүйесін жетілдіру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан Республикасында мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган болып айқындалсын.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесiнен Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын қорғау жөніндегі функциялары мен өкілеттіктері Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетіне берілсін.

2. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілсін.

3. Қазақстан Республикасының Үкіметі:

1) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп Қазақстан Республикасының нормативтік құқытық актілеріне осы Жарлықтан туындайтын өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қамтамасыз етсін;

2) «Ақпараттық қауіпсіздік саласында мамандар даярлау және олардың біліктілігін арттыру орталығы», «Ақпаратты техникалық қорғау орталығы» мемлекеттік мекемелерін және «Алмас» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнын Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесi қарамағынан Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті қарамағына беруді қамтамасыз етсін;

3) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесiнен Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне тиісті штат санын беруді қамтамасыз етсін;

4) заңнамада белгіленген тәртіппен осы Жарлықтан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.

4. Осы Жарлықтың іске асырылуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

5. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгізіледі.

 

 

Қазақстан Республикасының

Президентi                                                                                          Н. Назарбаев

 

Астана, Ақорда,                                               2017 жыл

 

 

Қазақстан Республикасы
Президентінің
2017 жылғы ______
№ ___ Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына енгізілетін ӨЗГЕРІСТЕР МЕН ТОЛЫҚТЫРУЛАР

1. «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетi туралы ереженi бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1996 жылғы
1 сәуiрдегі № 2922 жарлығында:

жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетi туралы ережеде:

1-тармақтың 2-бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

«Ұлттық қауіпсіздік комитеті өз өкілеттігі шегінде Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының (бұдан әрі — ұлттық қауіпсіздік органдары) бірыңғай жүйесіне, барлау, қарсы барлау, жедел іздестіру қызметіне, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын (бұдан әрі - Мемлекеттік шекара) күзетуге, Үкіметтік байланыс қызметінің және "А" Арнаулы мақсаттағы қызметінің міндеттерін іске асыруға басшылықты, құзыретіне жатқызылған қызмет салаларындағы ведомствоаралық үйлестіруді, сондай-ақ мемлекеттік құпияларды қорғау саласында бірыңғай саясатты іске асыруды жүзеге асырады және Қазақстан Республикасында мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган болып табылады.»;

11-тармақ мынадай мазмұндағы 8-7) және 8-8) тармақшалармен толықтырылсын:

«8-7) мемлекеттік құпияларды қорғау саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асыру;

8-8) мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі құқықтық, әкімшілік, экономикалық, техникалық, бағдарламалық және криптографиялық шараларды әзірлеу;».

12-тармақ мынадай мазмұндағы 64-24), 64-25), 64-26), 64-27), 64-28), 64-29), 64-30) 64-31), 64-32) және 64-33)  тармақшалармен толықтырылсын:

64-24) мемлекеттік органдар мен ұйымдарда мемлекеттік құпияларды қорғау саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асырады, мемлекеттік құпияларды қорғау жүйесін дамытады және жетілдіреді;

64-25) мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі құқықтық, әкімшілік, экономикалық, техникалық, бағдарламалық және криптографиялық шаралар жүйесін әзірлейді;

64-26) мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі бөлімшелердің кадрларын даярлау мен қайта даярлауды ұйымдастырады;

64-27) мемлекеттік органдар мен ұйымдарға мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қорғау мәселелері жөнінде практикалық және әдістемелік көмек көрсетеді;

64-28) «Ақпаратты техникалық қорғау орталығы» мемлекеттік мекемесіне, «Ақпараттық қауіпсіздік саласында мамандар даярлау және олардың біліктілігін арттыру орталығы» мемлекеттік мекемесіне, сондай-ақ «Алмас» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнына қатысты уәкілеттi орган болып табылады;

64-29) өз құзыреті шегiнде мемлекеттiк құпияларды қорғау мәселелерi бойынша Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында күшi мiндеттi болатын нормативтік құқықтық актілерді, әдiстемелік және өзге де құжаттарды әзiрлейді, бекітеді және шығарады;

64-30) ұлттық қауіпсіздік органдарында шифрды ашу жұмысын ұйымдастырады;

64-31) ұлттық қауіпсіздік органдарының құзыретіне жатқызылған қызмет салаларында техникалық регламенттерді әзірлейді, келіседі және бекітеді, сондай-ақ техникалық регламенттерде белгіленген талаптардың орындалуына бақылауды жүзеге асырады;

64-32) қарсы барлау, жедел-іздестіру  қызметін жүзеге асыратын барлық органдар міндеттерді шешу мүддесінде байланыс желісін пайдаланумен байланысты қарсы барлау, арнайы жедел-іздестіру іс-шараларын техникалық тұрғыдан жүзеге асырады;

64-33) ұлттық қауіпсіздік органдары пайдалану үшін Қазақстан Республикасының әскери басқару орталық атқарушы органы бөлген радиожиілікті бөлуді және есепке алуды жүзеге асырады;»;  

16-тармақта:

3)-тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

«3) Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрылымдық бөлімшелерінің, ведомстволарының және аумақтық органдарының, сонымен қатар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелері мен өзге де ұйымдардың құрылымын, штаттық құрылымын бекітеді, сондай-ақ олар туралы ережелерді Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының ұсынуымен Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін ведомстволарды қоспағанда, олар туралы ережелерді (жарғыларды) бекітеді;».

124-6)-тармақша алып тасталсын;

мынадай мазмұндағы 125-49) және 125-50)-тармақшаларымен толықтырылсын:

«125-49) «Алмас» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны өндіретін және сататын тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) баға белгілейді;

125-50) тасымалдаушылардағы мәліметтердің құпиялылық дәрежесін анықтау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның құрамын және ол туралы Ережені бекітеді;».

мынадай мазмұндағы 19-2) тармағымен толықтырылсын:

«Мемлекеттік құпияларды қорғау органдарының қызметін үйлестіру, ақпаратпен өзара алмасу және ортақ міндеттер мен мақсаттарды іске асыру  кезінде іс-қимылдарды келісу үшін Ұлттық қауіпсіздік комитеті жанында Мемлекеттік құпиялардың қорғалуын қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестiру Кеңесi құрылады. Мемлекеттік құпиялардың қорғалуын қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестiру Кеңесi туралы ережені Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді».

«Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қарамағында тұрған ұйымдардың тізбесі» деген бөлім мынадай мазмұндағы 3-тармағымен толықтырылсын:

«3. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Алмас» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны.».

«Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және оның ведомстволарының қарамағындағы мемлекеттік мекемелердің тізбесі» деген бөлімнің «Ұлттық қауіпсіздік комитеті» деген кіші бөлім мынадай мазмұндағы 15 және 16-тармақтарымен толықтырылсын:

«15. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақпаратты техникалық қорғау орталығы.

16. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақпараттық қауіпсіздік саласында мамандар даярлау және олардың біліктілігін арттыру орталығы.».

2. құпия.

Published on 23.08.2017
Келісу ПАРАҒЫ43 KB ТҮСІНДІРМЕ ЖАЗБА31.5 KB салыстырмалы кесте79 KB